Нұрхалық Серік Сақбайұлы

 

 

 

Нұрхалық Серік Сақбайұлы

Серік Сақбайұлы Нұрхалық 1951 жылы 15 қаңтарда Алматы облысы Ақсу ауданы№45 разъезде дүниеге келген. 1972 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясын бітіріп,  өнер жолын Қарағанды олыстық Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театрында бастаған. Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігінің жолдамасымен 1975 жылы Талдықорған театрына келген. Осы театрды құрушылардың бірі.  Осы жылдар аралығында  жүзден астам сан алуан образдарды сомдады. Серік Нұрхалық  М.Әуезовтің «Еңлік Кебегіндегі» - Абыз,  «Абайындағы» - Долгов, «Түнгі сарынындағы» - Казанцев, С.Жүнісовтің «Өлі арасындағы» - Дзержинский, С.Мұқановтың «Шоқанындағы» - Александр II, А.Чеховтың «Ваня ағайындағы» - Астров, Қ.Бекқожиннің «Ұлан асу» драмасында Бөгенбай батыр, Т.Қалилахановтың «Алтын бесігінде» Төле би, М.Әуезовтің «Хан Кенесіндегі» - генерал Горчаков, І.Жансүгіровтің «Исатай, Махамбетіндегі» - Баймагамбет бейнелерін жасағанда әр образдың өзіне тән ой тізбесін сахналық әрекет үстінде аша білді. Қазақ сахнасында Қ.Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығындағы» - Николай Добродеевичті орысша,  А.Фадеевтің «Жас гвардиясындағы» - басқыншы неміс генералын немісше сөйлетті. Т.Әліпбайдың «Қанды ғасырындағы» - Білге Қаған, К.Әбдірахмановтың  «Мұнар да  мұнар, мұнар күніндегі» - Исатай батыр,  У.Шекспирдің «Король Лиріндегі» - Лир, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатындағы» - Президент, Т.Әліпбайдың «Томирисіндегі» - Кир патша, М.Мақатаевтың «Райымбек, Райымбегіндегі» - Әлмерек би, М. Әуезов, Қ.Мұхамеджанов «Айман-Шолпан» комедия – Маман, М.Әуезов «Абай» трагедия – Сырттан, М.Иманғазинов, Н.Өтеулинова «Ілияс»- Маман Тұрысбек, Т.Мәмесейіт «Құлқынның құлы» драма- Қайырбек, Д.Рамазан «Керей-Жәнібек» - Қотантайшы, С.Сарыбай «Орақты батыр» тарихи драмасы – Болат би, Ж.Әлмашұлы «Аққан жұлдыз құласа...» тарихи драма – Әбу Насыр рольдері актердың сахналық шеберлігінің әбден қалыптасқан, шыңдалған шағындағы сәтті еңбектері.

          Серік Сақбайұлына 1996 жылы Жезқазған қаласында өткен III Республикалық театрлар фестивалінде Е.Домбаевтың «Қор» атты сатиралық комедиясында бас кейіпкер Айдос бейнесін сәтті шығарғаны үшін Лауреат атағы берілсе, 1997 жылы Алматы қаласында өткен М.Әуезовтың 100 жылдығына арналған Халықаралық  театрлар  фестивалінде А.Кенжебекованың «Абай туралы аңыз» драмасындағы ол орындаған Мыңжасар, 1998 жылы Тараздағы театрлар фестивалінде Т.Әліпбайдың «Қанды ғасыр» трагедиясындағы Білге Қаған бейнелері де қазылар алқасының жоғарғы бағасына ие болды.

          Серік Нұрхалықтың  режиссер ретінде  сахналаған Л.Егембердиеваның «Әріптестер»,  Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу», М.Задорновтың  «Күйеуіңізді сатыңызшы» және Ф.Буляковтың  «Ұзатылмақ кемпірлер», С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз», Т.Ахтановтың  «Күшік  күйеу», Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен әйел» шығармалары  жоғарғы деңгейдегі  қойылымдар екеніне талай көрермен көз жеткізді.

          Облыс көлемінде өткен мерекелерде Қанжығалы Бөгенбай, Балпық би, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтың бейнелерін жасады. Қ.Сәтбаевтың, Ә.Қастеевтың 100 жылдық, М.Төлебаевтардың 100 жылдық мерейтойларының және Көксу ауданының 60, Қаратал ауданының 80 жылдық, Кербұлақ ауданының 40 жылдық  мерейтойларының  театрландырылған салтанаттарының және 2014 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы өткізген «Мәңгілік ел» акциясының режиссері болса, 2015 жылы  Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Менің елім-Мәңгілік ел» акциясында Керей ханның бейнесін сомдады.

 

   2000 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен,  2007 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

1972 жылдан бері «Қазақстан Республикасының театр қайраткерлері одағының мүшесі».

Серік Сақбайұлы Нұрхалық Бикен Римова атындағы драма теарында актер және Көркемдік жетекші  болып еңбек етуде. Қазақтың Ұлттық театр өнерін дәріптеуші, ел құрметіне бөленген азамат.

2020 жылы «Алматы облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.


Печать   E-mail