Тоқымтаев Базарбек Слямбекұлы

Тоқымтаев Базарбек Слямбекұлы

          Тоқымтаев Базарбек 1987 жылы Алматының Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтын бітіріп, сол жылдан бастап Бикен Римова атындағы Алматы облысының Қазақ драма театрында еңбек етіп келеді. Актерлығына қоса театрдың музыка бөлімін ауық-ауық меңгеріп, ондаған қойылымды әуен-сазбен әдіптеді. 2002 жылы өнер академиясының магистратурасына түсіп, оны 2004 жылы ойдағыдай аяқтады.

          Б.Тоқымтаев актерлік талантымен ерекшеленеді. А.Кенжебекованың «Абай туралы аңыз» қойылымында Абайдың, Т.Әліпбайдың «О,Атилла, Атилла!» трагедиясында Атилланың, осы автордың «Қанды ғасырында» Қапаған қағанның, Б.Майлин мен Ж.Аймауытовтың «Аласапыранында» Талтаңбайдың сатиралық образын, комедиялық жанрда айқындай түсіп кеңестік дәуірдің алғашқы кезіндегі асыра сілтейтін белсенді ролін кәсіби шеберлікпен шынайы тұлғалады.

          Театр сыншысы Ә. Сығаев: «Тоқымтаев «Аласапыран» спектаклінде балықша еркін жүзді» деп баға берді. Шын мәнінде актер Тоқымтаев партнерін жайбарақаттыққа жібермей, өзімен бірге тер төгіп, сахна шындығын ашуға тырысатын талапты да талантты актер. Қандай образ болмасын үлкен кішісіне қарамай «Кішкентай роль болмайды, кішкентай актер болады» деген қағиданы берік ұстанады. Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесінінде» неміс полковнигі, аристократ офицердің жүріс- тұрысы, ерекше әдептілігі, үстіне қонған қонымды офицер кителі де бәрі-бәрі актер үшін қызымет етті. Бұл да актердің шеберлігіне дәлел. Л. Егембердиеваның «Әріптестер» комедиясында—Жайлау,С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдығында» Эдик, «Кенесары, Наурызбай» трагедиясында (инсценировкасын жазған - Ө.Ахмет) Кенесары, М.Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэтикалық дастанында Қабай жырау, М.Иманғазинов, Н.Өтеулинова «Ілияс»- Жансүгір, Д.Рамазан «Керей-Жәнібек»- Асан Қайғы, М. Әуезов, Қ.Мұхамеджанов «Айман-Шолпан» комедия – Батыр, А.Ихсан «Хақ жолы»- Имам, Е.Төлеубай «Үзілген тамыр» тарихи драма- Комиссар, С.Сарыбай «Орақты батыр» - Алшағыр, М.Әуезов «Абай» трагедия –Абай образдары Базарбектің актерлік айтулы жетістіктері қатарына жатады. Халықаралық театр фестивалінде «Абай туралы аңыздағы» Базарбек жасаған Абай образы жоғары бағаланып, үшінші бәйге алған.

          Б.Тоқымтаев режиссура мен драматургия саласында да өз қабілетін танытуда.Мұқағали Мақатаевтың өмірі жайында «Шынар басындағы қоңырау» деген драма жазып, сахналады. Белгілі қазақ ертегісінің желісімен балаларға арналған «Керқұла атты Кендебай» атты  пьеса жазып, оны да өзі сахналады. Сондай-ақ, Б.Мұқайдың «Өмірзая» пьесасын қойды. Ал Ұлы Жеңістің алпыс жылдығына орай Базарбек сахналаған Т.Ахтановтың «Күпеген кездесу» спектаклі, режиссер ретінде еңбегінің де шеберлігінің шыңдалғанын көрсетті. Сахна декорациясының өзі режиссуралық ой өрісінің кең қолданыс тапқанының дәлелі болды. Сахнаға  мейлінше аз декорайия жұмсап, бір ғана қаралы хаттың белгісімен шешілді. Таза махаббат та, қызының шынайы сезімі мен адал достық та, соғыстың қырғын-сүргіні де, сатқындық та сахнада ілінген қаралы хат арқылы кесек-кесек оқиғамен толысып, көрермендерді толғандыра білді.

 Б.Тоқымтаев 2011 жылдың сәуір айында Н.В.Гогольдің классикалық туындысы -  «Үйлену» («Женитьба») комедиясын сахналап, режиссерлік таланттының жоғары қырын тағы да танытты. Бас кейіпкер Подколесиннің образын мүлде басқа қырынан көрсетіп, өз қолтаңбасымен ерекшеленді. Трагикомедияның режиссерлік шешімі көрерменде үлкен әсер қалдырды. Сахна декорациясын да сол заманның үлгісінде жасатып музыка, биді сәтті пайдалана білді.Әсіресе, жас артистердің шеберлігін шыңдап, талабын ұштай түсті.

2020 жылы “ҚР Конституциясының 25 жылдығы” медалімен марапатталды.


Печать   E-mail